Түнгі отшашу үшін қамауға алынуыңыз мүмкін: Астана прокуратурасы ескерту жасады.
Астана прокуратурасы елорда тұрғындары мен қонақтарына түнгі уақытта отшашу атып, қатты музыка қою әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті. Қазірдің өзінде 26 адам жауапқа тартылған.
Соңғы уақытта елордада туған күн иелерін түн ортасында тұрғын үйлердің маңында отшашу атып, қатты музыкамен құттықтау жиілеген. Алайда көпшілік үшін мерекелік көңіл-күй сыйлайтын мұндай әрекет өзгелердің тыныштығын бұзып, соңы әкімшілік жазаға ұласуы мүмкін.
Прокуратураның мәліметінше, түнгі отшашулардан көліктердің дабыл жүйелері жаппай іске қосылып, тұрғындардан шағымдар түсуде.
Осыған байланысты елорда прокуратурасы тәртіп бұзушыларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі — «Ұсақ бұзақылық» бойынша жауапкершілікке тарту тәжірибесін енгізген.
Бүгінге дейін 26 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 19-ы 10 тәулікке дейін қамауға алынған. Ал 14 жасқа дейінгі балалары бар 6 әйел мен бір кәмелетке толмаған жасөспірімге айыппұл салынған.
Астана прокуратурасы тұрғындарды түнгі уақытта тыныштықты сақтауға және мерекелік шаралар кезінде айналадағы адамдардың демалысына кедергі келтірмеуге шақырды.