Басты жаңалықтар

Кремль Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына қатыстыру туралы Тоқаевтың ұсынысын қолдады

Абдрахманов Мағжан 02 қараша 2026, 17:42
Кремль Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына қатыстыру туралы Тоқаевтың ұсынысын қолдады Сурет авторы: Ақорда

Кремль Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына қатысуын орынды әрі табиғи деп санайды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков осылайша Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысына пікір білдірді.

Песковтің айтуынша, Мәскеуге ТМҰ-ға қатысу жөнінде әзірге ресми шақырту түспеген. Дегенмен бұл мәселе алдағы уақытта Қазақстан мен Ресей арасындағы келіссөздердің күн тәртібіне енуі мүмкін.

«Ресейде тарихи шығу тегі жағынан түркі халықтарына жататын жұрт мекендейтін бірқатар өңір бар. Сондықтан Ресейдің мұндай ұйымның жұмысына қатысуы түсінікті, орынды әрі табиғи болар еді», – деді Песков.

Ол бұл ретте Ресейдің жекелеген өңірлерінің емес, тұтас Ресей Федерациясының қатысуы туралы айтып отырғанын нақтылады.

30 қазанда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің «ТМҰ+» форматына қосылуына немесе ұйым қызметіне бақылаушы ретінде қатысуына оң көзқарас білдіруді ұсынған еді.

Қазақстан президенті Ресейдің ғасырлар бойы түркі әлемімен тығыз байланыста болғанын және ел аумағында көптеген түркі халықтары тұратынын атап өткен.

Әзірге Ресейдің ТМҰ-дағы мәртебесіне қатысты ресми шешім қабылданған жоқ.

Жарнама