ҚР ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбектің мәліметінше, ер адам 2018 жылдан бері алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде болған.

Іс материалдарына сәйкес, күдікті Қарағанды қаласындағы коммерциялық ұйымның қоймасынан тауарларды сату сылтауымен алып шыққан. Кейін жалпы құны 401 миллион теңгеден асатын мүлікті иемденген.
67 жастағы ер адамның жүрген жері 5 қазанда басталған «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған.
ІІМ мәліметінше, операция кезінде хабар-ошарсыз кеткен 17 мыңнан астам азаматтың жүрген жері анықталды.
Сондай-ақ полиция 1,3 миллиард теңгеден астам сомаға алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде жүрген 45 жастағы шетел азаматын ұстаған.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында іздеуде жүрген 537 шетелдік пен Қазақстанның құқық қорғау органдары іздеу жариялаған 1 031 күдікті ұсталды.