Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильда Қазақстанға мемлекеттік сапармен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келді.
Бұл – екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар тарихындағы Бельгия монархының Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Мәртебелі меймандарды Астана әуежайынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алды.
Елордада мәртебелі меймандарға ерекше құрмет көрсетілді. Әуежайда құрмет қарауылы сап түзеп, Қазақстан мен Бельгияның мемлекеттік тулары желбіреді.
Бұл сапардың тарихи маңызы айрықша. Король Филипп Қазақстанға ғана емес, тұтас Орталық Азияға мемлекет басшысы мәртебесінде алғаш рет келіп отыр.
Филипп бұған дейін Қазақстанда үш рет болған. Алайда ол кезде Бельгия тағының мұрагері еді. 2002 және 2009 жылдары Байқоңыр ғарыш айлағына арнайы келсе, 2010 жылы Бельгияның экономикалық делегациясын бастап келген.
Бұл жолғы сапардың мәртебесі де, ауқымы да өзгеше. Король Филипппен бірге Қазақстанға 100-ден астам адамнан тұратын ауқымды делегация келді. Оның құрамында төрт министр, 25 ірі компания мен экспорт агенттігінің басшылары, сондай-ақ 11 университеттің ректорлары бар.
Осыған байланысты алдағы келіссөздерде сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестиция, өндіріс, көлік және логистика, сондай-ақ ғылым мен білім салаларына басымдық беріледі.

Қазақстан мен Бельгия экономикалық байланысты нығайтпақ
Бельгия – Қазақстанның Еуропадағы маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі. Соңғы 20 жыл ішінде Бельгиядан Қазақстан экономикасына шамамен 15 миллиард доллар инвестиция тартылған.
Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 582 миллион доллардан асты. Қазір Қазақстанда бельгиялық капиталдың қатысуымен 100-ден астам компания тіркелген.
Екі мемлекет енді өндіріс, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді көздеп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі меймандарды қарсы алып, бұл сапардың екіжақты қарым-қатынас үшін маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Қазақстанға қош келдіңіздер. Сапарларыңыз мемлекетіміздің дамуындағы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жалпы, еліміз өркендеп, экономикасы ілгерілеп келеді. Сіздердің сапарларыңыз екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін береді деп айтуға болады».
Өз кезегінде Бельгия Королі Филипп Қазақстан тарапына көрсетілген құрмет үшін алғыс білдірді.
Филипп, Бельгиялықтар Королі:
«Ұшақ трапынан қазақ жеріне қадам басқан сәттен бастап көрсетілген сый-құрмет үшін Сізге алғыс айтамын. Үш күндік сапармен келгенімізге қуаныштымыз әрі еліңізбен жақынырақ танысамыз деп сенемін».
Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық талқыланады
Мемлекеттік сапар аясында екі елдің жоғары оқу орындарының ректорлары да бас қосады. Тараптар ғылым мен білім саласындағы байланысты кеңейтіп, жасанды интеллект бағытындағы бірлескен зерттеулерді талқылайды.
Сапар қорытындысы бойынша онға жуық құжатқа қол қою жоспарланған.
Бельгияның Қазақстан үшін саяси және экономикалық маңызы жоғары. Ел астанасы Брюссельде Еуропалық одақ пен НАТО-ның негізгі институттары орналасқан. Сондықтан Бельгия Еуропадағы саяси шешімдер қабылданатын басты орталықтардың бірі әрі Қазақстан үшін Еуропамен байланысты тереңдетудегі маңызды серіктес саналады.
Мемлекеттік сапар аясында Астана мен Алматыда бірқатар кездесу өтеді.
Бағдарламаның негізгі бөлігі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипптің келіссөздері. Мемлекет басшылары кеңейтілген құрамда екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды.
Келіссөздер қорытындысында Қазақстан мен Бельгияның бірлескен мәлімдемесі қабылданып, бірқатар екіжақты құжатқа қол қою жоспарланып отыр.
Бельгия Королінің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары екі ел арасындағы саяси диалогты жаңа деңгейге көтеріп, сауда, инвестиция, ғылым, білім және технология салаларындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп күтілуде.