Басты жаңалықтар

«ТЕГІН ӘН АЙТПАЙМЫН!»,- БАҒЛАН ӘБДІРАЙЫМОВ.

Редакция 08 қазан 2026, 18:07
Бағлан Әбдірайымов: "Ақшаңды бер айналайын, сосын әніңді айтамын",- деп әлеуметтік желіге жазба қалдырды. Осылайша өнер адамдарының еңбегін бағалау мәселесін көтерді. Шығармашылығына қайта ден қойған әнші соңғы уақытта таныстары тарапынан түрлі шараларға тегін қатысып, ән айтып беру туралы ұсыныстар жиілегенін айтты.
«ТЕГІН ӘН АЙТПАЙМЫН!»,- БАҒЛАН ӘБДІРАЙЫМОВ. Сурет авторы: "Уақыт көрсетеді" бағдарламасы

 

«Әр еңбектің өз бағасы бар»: Бағлан Әбдірайымов тегін өнер көрсетуге қатысты ойын айтты

Өнер иесінің сөзінше, бұрын ол достары мен таныстарының қуанышына ортақтасып, ақы сұрамай-ақ алыс жол жүріп, ауыл-аймаққа барып өнер көрсеткен кездері аз болмаған. Алайда уақыт өте келе мұндай қарым-қатынасқа деген көзқарасы өзгерген.

Әнші кезінде қолдау көрсеткен кейбір таныстары бүгінде әлеуметтік желіде аудитория жинап, кәсібін дамытып, өз саласында табысқа жеткенін айтады. Оның пікірінше, дәл осындай жағдайда өнер иесінен бұрынғыдай тегін қызмет күтудің өзі дұрыс емес.

«Талай километрді артқа тастап, ауылдарына барып, сахна болса сахна, той болса тойына шығып, қызмет қылып жүретінбіз. Қайда сол балалар? Оқырман жинап алды, танымалдылығын арттырып алды. Кәсіптері өрге домалап кеткен. Сол уақытта біз жай ғана құрал болып қалдық», – деді Бағлан Әбдірайымов.

Осы ретте әнші шығармашылықтың сырт көзге көрінбейтін шығыны мен еңбегі бар екенін де меңзеді. Ән жаздыру, аранжировка, студиялық жұмыс, дайындық пен сахнаға шығудың барлығы қаржы мен уақытты талап етеді. Сондықтан ол өнер адамының қызметіне де басқа кәсіби еңбек секілді ақы төленуі керек деген ұстанымда.

«Ақшаңды бер, айналайын, бауырым. Бір-екі ән айтып, шашбауыңды көтере саламыз. Бір әннің өзі кемі 500 мың теңгеге жазылады. Әр нәрсенің бағасы, құны бар», – деді әнші.

Бағлан Әбдірайымовтың бұл пікірі өнер адамдары арасында жиі айтылатын мәселені қайта қозғап отыр. Яғни достық пен таныстық кәсіби еңбекті тегін пайдалануға себеп болмауы керек. Әншінің пайымынша, өнерді бағалау – тек қошемет көрсетумен емес, оған жұмсалған еңбек пен шығынның өтеуін берумен де өлшенеді.

Жарнама