Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті өзіне қарасты «Агрокомплекс АРСЕН» ЖШС мен «ОнегеАгроСервис» ЖШС арқылы инвестициялық субсидия алуға өтінім берген.
Құжаттарда Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылдық округінде су үнемдеу технологияларын қолданатын суару жүйелерін салуға қомақты қаржы жұмсалғаны көрсетілген.
Алайда тергеу барысында бұл шығындарды растау үшін ұсынылған құжаттардың жалған болғаны анықталған. Атап айтқанда, күдікті уәкілетті органға фиктивті төлем тапсырмалары мен орындалған жұмыстар туралы актілерді өткізген.
251 млн теңге компаниялардың шотына түскен
Ұсынылған құжаттардың негізінде күдіктіге қарасты компаниялардың есепшоттарына мемлекеттен жалпы сомасы 251 миллион теңге инвестициялық субсидия аударылған.
ҚМА дерегінше, кейін бұл қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Тергеу кезінде мемлекеттен алынған қаражаттың бір бөлігі жеке тұрғын үй сатып алуға жұмсалғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта сот санкциясымен аталған жылжымайтын мүлікке тыйым салынған.
Тергеу жалғасып жатыр
Қазір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Істің өзге мән-жайлары әзірге жарияланған жоқ.
Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпараттың жария етілмейтінін мәлімдеді.
Айта кетейік, тергеу аяқталып, соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін күдікті кінәсіз деп есептеледі.