8 қазанға қараған түні куәгерлер аю мен оның қонжығын видеоға түсіріп алған. Кадр авторының айтуынша, жыртқыштар жеке үйлердің бірінің ауласында жүрген. Сол сәтте алдынан ит шыққаннан кейін аюлар ауладан кетіп, қоршаудан асып өткен.
Кейін оларды «Крестьянский Дом» дүкенінің маңынан көрген.
Таңертең қалалық чаттарда аюларды кездестірген тұрғындардың басқа да хабарламалары тарай бастады. Солардың бірі таңғы сағат 04:00 шамасында Семей көшесінде екі аюды байқағанын жазған. Бұл аумақ Риддердің орталығына жақын орналасқан.
Бұдан бөлек, жабайы аңдар қаланың өзге көшелерінен де байқалған. Осыдан кейін тұрғындар қауіпсіздік мәселесін қайта көтеріп, жыртқыштарды елді мекеннен алыстату үшін шұғыл шара қабылдауды сұрады.
Мамандар Риддерге жетті.
Шығыс Қазақстан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағының мамандары Риддерге келіп, жұмысқа кіріскен.
Инспекторлар аюлардың қозғалысын бақылап, оларды үркіту арқылы қала аумағынан тауға қарай қайтаруды жоспарлап отыр.
Жедел әрекет ету жасағының басшысы Ермек Бағланұлының айтуынша, күн суытып, алғашқы қар түскеннен кейін аюлар біртіндеп тауға кетіп, апандарын қысқа дайындай бастайды.
«Риддерде ауа райы бұзылып келеді, жақын арада қар түседі. Алғашқы қардан кейін аюлар апандарына жақындап, қысқы ұйқыға дайындала бастайды. Шамамен екі аптадан кейін олар тауға кетеді. Ал бір-бір жарым айдан соң қысқы ұйқыға жатады», – деді Ермек Бағланұлы.
Аюлардың елді мекендерге жақындауы жиілеген
Бұл Шығыс Қазақстанда аюлардың адамдар мекендейтін аумаққа жақындаған алғашқы жағдайы емес. Бұған дейін өңір тұрғындары аш аюдың омартаға кіріп, ара ұяларын талқандағанына куә болған.
Мамандар жабайы аңдар байқалған жағдайда оларға жақындамауға, видео немесе сурет түсіру үшін соңынан ермеуге және қауіпсіз қашықтықты сақтауға кеңес береді.