Тоқаев: Құтқарушылар – бейбіт күннің батырлары
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушылардың еңбегіне жоғары баға беріп, оларды «бейбіт күннің батырлары» деп атады. Мемлекет басшысы азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, адам өміріне араша түсу және төтенше жағдайда жедел көмек көрсету – ерекше батылдық пен кәсібилікті талап ететінін атап өтті.

Президенттің айтуынша, «құтқарушы» сөзінің мағынасы өте кең әрі терең.
– «Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы құтқарушы болу тек абыройлы мамандық емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет екенін айтты. Оның сөзінше, бұл салада еңбек ететін маман батыл, қайсар әрі ширақ болумен қатар, елге жанашыр, отаншыл және кәсіби білікті болуы керек.
«Өзгенің өмірін сақтау үшін өз өмірін қатерге тігеді»
Президент төтенше жағдай қызметкерлерінің күн сайын қауіппен бетпе-бет келетінін атап өтті.
– Құтқарушылардың еңбегі қашанда еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер, – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, құтқарушылар төтенше жағдай кезінде бірінші болып көмекке ұмтылып, өзгенің өмірін сақтау үшін өз өмірін қатерге тігеді.

Президент мұндай еңбектің қоғам тарапынан ерекше құрметке лайық екенін айтты.
«Ауыл құтқарушылары» жобасын кеңейту қажет
Мемлекет басшысы шалғай елді мекендердегі қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды.
Соңғы екі жылда «Ауыл құтқарушылары» бастамасы аясында 300-ге жуық өрт сөндіру бекеті құрылған. Соның арқасында шамамен 450 өрт дер кезінде тоқтатылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тәжірибені еліміздің барлық өңірінде кеңінен қолдану қажет екенін айтты.
Сонымен қатар Президент өндіріс орындары мен кеніштердегі қауіпсіздікті күшейту, құтқару жұмыстарына цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізу қажеттігін атап өтті.

Құтқарушыларды заманауи техникамен қамтамасыз ету қажет
Президент азаматтық қорғаныс саласы мамандарына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс екенін айтты.
Оның сөзінше, құтқарушыларды:
- заманауи техникамен;
- қажетті қорғаныс құралдарымен;
- жаңа технологиялармен;
- сапалы кәсіби даярлықпен қамтамасыз ету маңызды.
Сонымен қатар олардың еңбек қауіпсіздігін күшейту де Үкімет назарындағы негізгі міндеттердің бірі болуы тиіс.
Дрондар мен автоматтандырылған жүйелерді меңгеру маңызды
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі құтқарушы тек физикалық тұрғыдан дайын болумен шектелмеуі керек екенін атап өтті.
Олар заманауи технологияларды, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары мен автоматтандырылған жүйелерді меңгеруге тиіс.
Бұл бағытта Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясына ерекше міндет жүктеледі. Президент академияны төтенше жағдайлар саласының жаңа буын мамандарын даярлайтын негізгі оқу орны ретінде атады.
Оның пікірінше, оқу орны әлемдік тәжірибені зерттеп, күрделі құтқару операцияларын талдауы және қазақстандық құтқарушылар мектебінің дәстүрін жалғастыруы қажет.
Қазақстандық құтқарушылар шетелде де кәсібилігін көрсетіп жүр
Мемлекет басшысы Қазақстанның азаматтық қорғау органдары ел ішінде ғана емес, шетелдегі құтқару операцияларында да кәсібилігімен танылып жүргенін айтты.
Президенттің пікірінше, құтқарушы мамандығын рухы мықты, жауапкершілігі жоғары әрі жүректі адамдар таңдайды.
«Құтқарушылар – бейбіт күннің батырлары», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.