Әлеуметтік желіде Перизат Қайраттың туыстарына Дубайда жалпы құны шамамен 2,7 млрд теңге болатын бірнеше пәтер тиесілі деген ақпарат тарады. Қаржылық мониторинг агенттігі бұл мәліметке байланысты тексеру жүргізді. Олардың хабарлауынша, аталған жылжымайтын мүліктің Перизат Қайраттың қылмыстық жолмен алынған қаражатына сатып алынғаны туралы болжам расталмаған.
Тараған деректерде Дубайдағы бірнеше пәтердің Перизат Қайраттың туыстарының атына рәсімделгені айтылған. Олардың жалпы құны шамамен 5,9 млн доллар, яғни 2,6–2,7 млрд теңге деп бағаланған.
ҚМА мәліметінше, тергеу кезінде Перизат Қайрат пен аталған туыстары арасында қаржылық есеп айырысу немесе ақша аударымдары анықталмаған. Агенттік сондай-ақ бұл отбасының жылжымайтын мүлік сатып алу және қайта сатумен ұзақ жылдар бойы айналысып келе жатқанын хабарлады.
ҚМА түсіндіруінше, Тексеру кезінде аталған баспананың 2011-2019 жылдары сатып алынғаны анықталған. Әрі бұл уақыт «Біз біргеміз» қоры әлі құрылмаған және бойжеткен қылмыстық әрекетке кіріспеген кез екен. Оның үстіне туыстарының жылжымайтын мүлік саудасымен айналысып жүргеніне 20 жылдан асыпты.
Еске салайық, Перизат Қайрат «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры арқылы жиналған қаражатты жымқырды деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталған.