Басты жаңалықтар

Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертін ұйымдастырушы екі айға үйқамаққа алынды

Редакция 15 қазан 2026, 16:50
Шымкентте Қайрат Нұртастың мерейтойлық концертін ұйымдастырған азамат қамаудан босатылып, екі ай мерзімге үйқамаққа алынды. Прокуратура соттың бұл шешіміне шағым түсірмек.
Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертін ұйымдастырушы екі айға үйқамаққа алынды Сурет авторы: Elorda info

Шымкент қаласы прокуратурасының мәліметінше, тергеу органы күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялауды сұраған. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмай, ұйымдастырушыны үйқамаққа алу туралы шешім шығарған.

Қадағалаушы орган сот қаулысымен келіспей, оған шағым түсіруге ниетті.

Концерттегі дүрбелеңнен сегіз адам зардап шекті

Оқиға 11 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда Қайрат Нұртастың мерейтойлық концерті кезінде болған.

Концертке келген көрермендер стадионға кіреберісте жаппай жиналып, адамдар арасында қысым мен дүрбелең туындаған. Кейін жағдай төбелеске ұласқан.

Салдарынан сегіз адам медициналық көмекке жүгінді. 18 жастағы бойжеткен жансақтау бөліміне жеткізілді.

Оқиғадан кейін концертті ұйымдастыру және көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне қатысты сұрақтар туындады.

Сатылған билет стадион сыйымдылығынан асып кеткен

Алдын ала мәлімет бойынша, концертке сатылған билеттер саны стадионның көрермен қабылдау мүмкіндігінен асып кеткен.

Адамдардың стадионға кіруі кезінде бақылаудың әлсіреуі мен көрермендердің шамадан тыс көп жиналуы салдарынан кіреберісте кептеліс пайда болған.

Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу барысында концертті ұйымдастыруға жауапты тұлғалардың әрекеттері, сатылған билеттер саны және қауіпсіздік талаптарының қаншалықты сақталғаны тексеріліп жатыр.

Іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім тергеу қорытындысы бойынша қабылданады.

Жарнама