Басты жаңалықтар

Қатаң тыйымға қарамастан көлге шыққан екі балықшы суға батып кетті

Редакция 30 қыркүйек 2026, 11:08
Қатаң тыйымға қарамастан көлге шыққан екі балықшы суға батып кетті Сурет авторы: Министерство по чрезвычайным ситуациям Республики Казахстан

Төтенше жағдайлар министрлігінің (112.kz) мәліметінше, қайғылы оқиға Күршім ауданына қарасты Балықшы ауылдық округінде орын алған. 22 қыркүйек күні 1979 және 2001 жылы туған екі тұрғын Зайсан көліне балық аулауға шығып, қайтып оралмаған.

Іздеу-құтқару операциясы барысында ТЖМ күштері мен жергілікті тұрғындар бірлесе әрекет етті. Операцияның алғашқы күнінде жағалаудан 3-4 шақырым қашықтықта суға батқан қайық анықталды. Іздестіру шаралары кезінде құтқарушылар 63 рет сүңгу жұмыстарын жүргізіп, арнайы ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрон) қолданды.

29 қыркүйекте жергілікті тұрғындар 2001 жылы туған азаматтың сүйегін тапса, 30 қыркүйекте құтқарушылар 1979 жылы туған екінші балықшының мәйітін судан алып шықты.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен Зайсан-Ертіс бассейнінде балық және басқа да су жануарларын аулауға уақытша шектеу енгізілген болатын. Мемлекеттік органдар азаматтарды су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері мен белгіленген шектеулерді қатаң сақтауға шақырады.

Жарнама