Алматыда мефедрон өндіріп, оны еліміздің бірнеше өңіріне таратқан қылмыстық топтың басшысы Ресейден экстрадицияланды.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2021 жылдан бастап қаржылық қиындыққа тап болған адамдарды қылмыстық іске тартып, есірткі өндіру мен таратуды Telegram арқылы ұйымдастырған. Алматыда бірнеше жасырын зертхана жұмыс істеген.
2024 жылы сол зертханалардың бірінде есірткі әзірлеген екі адам химиялық заттан уланып, көз жұмған. Алайда ұйымдастырушы қылмыстық әрекетін тоқтатпай, олардың орнына басқа адамдарды тартқан.
Полиция зертханалардың бірін анықтап, 24 келіден астам химиялық зат, арнайы жабдықтар мен дайын өнімді тәркіледі. Кейін Ресейге қашып кеткен күдікті ұсталып, Қазақстанға жеткізілді.
Қазір ол тергеу изоляторында. Күдікті мүлкінен айырылып, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
ҚР Бас Прокуратурасы - https://t.me/GenPr/15591