Басты жаңалықтар

ЕСЕП-ШОТЫ БҰҒАТТАЛҒАН АДАМНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫН ТҮГЕЛ АЛЫП ҚОЮҒА БОЛМАЙДЫ. БАНКТЕР ЗАҢ БҰЗЫП ОТЫР.

Редакция 09 қазан 2026, 14:32
Мәжіліс депутаттары борышкердің банк шотына шектеу қойылған жағдайда күнделікті қажеттілігіне жұмсайтын ең төменгі қаражатты қолжетімді күйде қалдыруды ұсынды. «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары осы мәселеге қатысты Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке депутаттық сауал жолдады.
ЕСЕП-ШОТЫ БҰҒАТТАЛҒАН АДАМНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫН ТҮГЕЛ АЛЫП ҚОЮҒА БОЛМАЙДЫ. БАНКТЕР ЗАҢ БҰЗЫП ОТЫР. Сурет авторы: Бейнеден скриншот

Депутаттар банк шотына шектеу қойылғанда азаматқа ең төменгі қаражатты қалдыруды ұсынды

Депутаттар келтірген мәліметке сәйкес, Қазақстанда 90 күннен астам уақыт төленбеген проблемалық кредиттер көлемі 1,8 трлн теңгеге жеткен. Ал атқарушылық іс жүргізу аясында 1,5 миллионнан астам адамның банк шотына тыйым салынған.

Халық қалаулылары қарызды өтеу міндет екенін атап өтті. Алайда төлемдердің басым бөлігі цифрлық форматқа көшкен қазіргі жағдайда банк шотына толық шектеу қою азаматтың күнделікті өміріне айтарлықтай қиындық туғызатынын айтады.

«Шотына шектеу қойылған адам жол ақысын, байланыс, су, жарық пен жылу ақысын қалай төлейді? Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті қалай сатып алады?» – деді депутат,- Алмас Мухаметов. 

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, борышкердің шотындағы кірістің кемінде 50 пайызы және өмір сүруге қажетті ең төменгі қаражат сақталуға тиіс. Алайда депутаттардың айтуынша, іс жүзінде шотқа шектеу қойылған кезде азаматтың өзіне қалуы тиіс ақшаны пайдалану мүмкіндігі де шектеліп жатады.

Осыған байланысты депутаттар:

·         борышкерге өмір сүруге қажетті ең төменгі қаражаттың сақталуын несие шарттарында міндетті түрде көрсетуді;

·         бұл талапты банктердің ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде іске асыруды;

·         шотқа шектеу қойылған жағдайда азаматтың негізгі қажеттіліктеріне арналған қаражатты пайдалану тәртібін нақты белгілеуді ұсынды.

Депутаттар бұл бастама азаматтарды қарызын өтеуден босатуды көздемейтінін атап өтті. Негізгі мақсат – берешекті өндіріп алу кезінде адамның күнделікті өмір сүруіне қажетті ең төменгі қаражатқа қолжетімділігін сақтау.

Депутаттық сауалға «Ауыл» партиясы фракциясының мүшелері, сондай-ақ депутаттар Маралов, Идрисов және Хасенов қол қойған. Олар көтерілген ұсыныстар бойынша Ұлттық банктен жазбаша жауап беруді сұрады.

Жарнама