Ақтөбе облысында балабақша қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Шалқар ауданының тұрғыны балабақша қызметкері баласының бетін тырнағанын айтып, полицияға арызданған.
Балабақшада ұйықтап жатқан сәбидің бетін тәрбиешінің көмекшісі тырнап қашып барады. Бұл әрекеті бейнежазбада анық көрініп тұр.
Әлеуметтік желіде тараған видеода баланың анасы: «Не істеп жатсыз менің баламның бетімен?» – деп сұрайды.
https://www.instagram.com/reel/Dd_S2lnt3Ww/?stkn=aXU5Z3lremg5YjF3
Қазір балабақша қызметкерін мұндай әрекетке не итермелегенін тергеу анықтап жатыр.
Полиция кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Аян Башановтың мәліметінше, оқиға Айшуақ ауылдық округіне қарасты Бегімбет ауылындағы «Айгөлек» бөбекжай-бақшасында болған. Қазіргі таңда онда 25 бала тәрбиеленіп жатыр.
«Орын алған оқиғадан кейін арнайы жұмыс тобы құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Құзырлы орган тарапынан іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаға қатысы бар қызметкер мекемеде 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ол қызметінен шеттетілді», – деді Аян Башанов.
Оқиғаның нақты мән-жайы тергеу қорытындысы бойынша белгілі болады.