Алдын ала мәлімет бойынша, өрт тұрақта тұрған көліктердің бірінен басталған. Куәгерлердің сөзінше, көлік қашықтан оталдырылғаннан кейін көп ұзамай одан өрт шыққан. Қатты жел жалынды күшейтіп, от көршілес тұрған машиналарға тараған.
Оқиға кезінде көліктердің бірін құтқаруға әрекет жасаған ер адам күйік жарақатын алған. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр.
Зардап шеккен азаматтың туысы Қымбат Нұрбекұлы оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
«Өрт осы көліктен басталды. Көлікті автозапускпен оталдырғаннан кейін жалын басқа машиналарға тараған. Менің бажамның көлігі де зардап шекті. Ол машинасын өрттен алып шығуға тырысқан кезде күйік алды. Қазір ауруханада жатыр», – деді Қымбат Нұрбекұлы.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп, жалынды ауыздықтады. Алайда өрт салдарынан бес автокөлік түгі қалмай жанып кетті.
Қазір мамандар өрттің нақты шығу себебін анықтап жатыр. Төтенше жағдайға техникалық ақау немесе басқа факторлардың себеп болған-болмағаны тиісті тексерістен кейін белгілі болады.