Басты жаңалықтар

Алматыдағы РФМШ-де 48 оқушы ауруханаға түсті: мектеп уақытша жабылды

Редакция 15 қазан 2026, 14:11
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) 48 оқушысы жұқпалы аурулар ауруханасына түсті. Тағы алты бала мектеп-интернаттың оқшаулау бөлмесінде ем қабылдап жатыр. Оқиғадан кейін білім ордасының жұмысы уақытша тоқтатылды.
Алматыдағы РФМШ-де 48 оқушы ауруханаға түсті: мектеп уақытша жабылды Сурет авторы: GPT

Оқушыларда құсу, іш өту және дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер байқалған. Балалар бірінен соң бірі өзін жайсыз сезіне бастағаннан кейін медициналық көмекке жүгінген.

Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Ержан Сералиннің айтуынша, ауруханаға жеткізілген балаларға қажетті медициналық көмек көрсетілген.

Қазіргі уақытта олардың жағдайы тұрақты, оң динамика байқалады. Мектептің оқшаулау бөлмесінде жатқан алты оқушы да ем қабылдап жатыр.

Асханадан заңбұзушылықтар анықталды

Оқиғадан кейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары мектепте шұғыл тексеру жүргізді. Нәтижесінде ас блогында бірқатар санитариялық талаптың бұзылғаны анықталған.

Атап айтқанда, азық-түлікті сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптары сақталмаған. Сондай-ақ қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдері айналымнан алынды.

Санитариялық қызмет 225 баланы медициналық бақылауға алған. Асхана қызметкерлері де тексеріліп жатыр.

Тексеру аясында мектеп пен ас блогының жұмысын уақытша тоқтату, жекелеген тағамдарды сатуға тыйым салу және құжаттары жоқ өнімдерді айналымнан алу туралы бес қаулы шығарылды.

Полиция қылмыстық іс қозғады

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалған.

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқушылардың нақты неден ауырғаны санитариялық-эпидемиологиялық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

Мамандар тағам өнімдерімен қатар ауыз судан да сынама алған.

Әзірге балалардың жаппай сырқаттануына нақты не себеп болғаны ресми түрде анықталған жоқ. Сондықтан оқушылардың тамақтан уланғаны туралы түпкілікті қорытынды зертханалық зерттеу нәтижелерінен кейін жасалады.

Қазіргі уақытта Республикалық физика-математика мектебінде дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз еткен асхана мердігерінің қызметі де тексерілуде.

Жарнама