РЕСЕЙДЕ СОҒЫСТА ЖҮРГЕН ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫYF КІМ КӨМЕКТЕСЕДІ?
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ел азаматтарын шұғыл түрде елге қайтаруға жәрдем көрсетуді талап етіп, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне ресми дипломатиялық нота жолдады.
Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі мен консулдық қызметтері белгілі болған әрбір жағдай бойынша Ресей тарапымен бірлесіп, азаматтарды елге қайтару бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Бұған дейін 19 жастағы қазақстандықты алдап соғыс аймағына жібергенін туыстары мәлімдеген болатын.
19 жастағы қазақстандық Айнабек Келдібек ата-анасына көмектесіп, табыс табу үшін Ресейге жұмыс іздеп барған. Алайда оның туыстары жігітке уәде етілген жұмыстың орнына соғыс қимылдары жүріп жатқан аймаққа жіберілгенін айтып отыр.
Жақындарының сөзінше, Айнабек 27 тамызда досымен бірге Ресейге аттанған. Ол жақта жастарға күзетші қызметі ұсынылып, «БАРС» логотипі бар құжаттарға қол қоюды сұраған. Айнабек орыс тілін жетік білмейтіндіктен, туыстарының айтуынша, қандай құжатқа қол қойып жатқанын толық түсінбеген.

Отбасының мәліметінше, келесі күні оларға басқа құжаттар ұсынылған. Жігіттер жаңа қағаздарға қол қоюдан бас тартқан кезде, түрмеге қамаймыз деп қорқытып, «кері жол жоқ» деген.
Осыдан кейін Айнабек WhatsApp арқылы бірнеше рет туыстарымен
байланысқа шығып, көмек сұраған.
Отбасы қазір оның Луганск маңында болуы мүмкін деп болжайды. Сондай-ақ туыстарының мәліметінше, Айнабекпен бірге тағы сегіз Қазақстан азаматы болуы ықтимал.