Басты жаңалықтар

БАЛАБАҚШАДА БӨБЕКТЕРДІ ОРЫНДЫҚҚА БАЙЛАП ҚОЙЫП ҰРҒАН

Редакция 14 қазан 2026, 18:35
Әлеуметтік желіде ерекше балаларға арналған жекеменшік балабақшада түсірілген видео тарады. Кадрларда кішкентай балалардың орындыққа байланғаны және қызметкердің оларға күш қолданып жатқаны көрінеді. Полиция дерегінше, видео 2025 жылдың қазан айында түсірілген. Қазір осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
БАЛАБАҚШАДА БӨБЕКТЕРДІ ОРЫНДЫҚҚА БАЙЛАП ҚОЙЫП ҰРҒАН

Астанада ерекше балаларға арналған балабақшадағы видеоға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Әлеуметтік желіде тараған кадрлар Астанадағы «Результат» жекеменшік коррекциялық балабақшасында түсірілгені айтылып отыр. Бейнежазбаны мекеменің бұрынғы қызметкері телефонына түсіріп, арада бір жыл өткен соң Threads әлеуметтік желісінде жариялаған. Кейін жазба өшірілгенімен, видео ата-аналар мен полицияның назарына ілігіп үлгерген.

 

Кадрларда шамамен 4-5 жастағы балалардың орындыққа байланғаны, ал балабақша қызметкерінің олардың біріне күш қолданып жатқаны көрінеді.

Видео тарағаннан кейін бірқатар ата-ана балаларын балабақшаға апарудан бас тартқан. Кейбірі балаларының құжаттарын алып кету үшін мекемеге келгенін, алайда ішке кіре алмағанын айтады.

«Видеода шырылдап жылап отырған бала — менің балам»

 

Ата-ана Әсем Қасқабаева видеодан өз баласын танығанын айтады. Оның сөзінше, ұлы сөйлей алмайды, ал топтағы балалардың барлығы ерекше күтімді қажет етеді.

ӘСЕМ ҚАСҚАБАЕВА, АТА-АНА:

«Видеоға қарасам, аузы байлауда, шырылдап жылап отырған бала — менікі. Үсті-үстіне ұрып жатыр екен. Менің балам сөйлемейді. “Балапан” тобындағы 20 баланың бәрі де ерекше. Ешкім үйге келіп, не болғанын айтып бере алмайды. Соған ішім ашып тұр. Бір жыл бойы айына 220 мың теңгені балама қорлық көрсеткендері үшін төлеп келдім бе сонда?!»

 

Баланың әкесі Қайрат Қасқабаевтың айтуынша, ата-аналар балабақшадағы бейнебақылау камераларының жазбасын көрсетуді талап еткен. Алайда оларға камералардың істемейтіні айтылған.

ҚАЙРАТ ҚАСҚАБАЕВ, АТА-АНА:

«Жағдайдан директор хабардар болған. “Бізге неге айтпадыңыз?” десек, “ыңғайсыздандым” деген жауап алдық. Енді нысанның ішіндегі бейнежазбаларды көрсетіңіздер десек, камера істен шыққан дейді. Бұған дейін де ата-аналар балаларымыз бақшада не істейді деп камераны көрсетуді сұраған. Ол кезде де “камера істемей тұр” деген жауап болған. Енді кінәлілердің қатаң жазаланғанын қалаймыз».

Ата-аналардың сөзінше, видеода балаларға күш қолданып жатқан қызметкер видео тарағанға дейін балабақшада жұмыс істеген. Алайда бұл деректің егжей-тегжейін тергеу органдары анықтап жатыр.

«Результат» — ерекше балалармен жұмыс істейтін коррекциялық бағыттағы жекеменшік балабақша. Ата-аналар дәл осы ерекшелігіне сеніп, балаларын мекемеге тапсырғандарын айтады.

«Екі жыл бойы баламды өз қолыммен әкеліп жүрдім»

Тағы бір ата-ана Фатима Мансұрова да болған жағдайды әлеуметтік желідегі видеодан кейін білгенін жеткізді.

ФАТИМА МАНСҰРОВА, АТА-АНА:

«Балам жылап отыр. Біз “дамысын, қатарға қосылсын” деп жүрген баламызды ұрып-соғып келгенін білмедік. Ұлымды өз қолыммен екі жыл бойы осы жерге әкеліп жүрдім. Бетін, құлағын бүркеніп, шошып қалған. Видеоға қарасаңыз, балалардың байлаулы отырғанын көресіз. Бір бала ғана бос жүр. Ата-аналардың айтуынша, ол — тәрбиешінің баласы».

Қазір әлеуметтік желіде тараған видеодан балаларын таныған ата-аналар полицияға жүгініп жатыр.

Полиция қылмыстық іс қозғады

Полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ:

«Бейнежазбаның 2025 жылдың қазан айында түсірілгені анықталды. Полиция қызметкерлері коррекциялық балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеген әйелдің жеке басын анықтады. Ол полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі уақытта зардап шеккен балалардың ата-аналары анықталды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр».

Полиция аталған мекеменің жекеменшік балабақша екенін де растады. Ведомство әлеуметтік желіде тараған видеодағы оқиғаның шамамен бір жыл бұрын болғанын хабарлады.

Білім басқармасы не дейді?

Білім басқармасы редакцияға аталған мекеменің жекеменшік балабақша екенін және басқармаға тікелей қарамайтынын хабарлады.

Редакция балабақша басшылығынан да түсініктеме алуға тырысты. Мекеме басшысы кейінірек хабарласатынын айтқанымен, материал жарияланған сәтке дейін толық түсініктеме берілген жоқ.

Қазір полиция оқиғаға қатысы бар адамдарды, зардап шеккен балалар мен олардың ата-аналарын анықтап, тергеу амалдарын жалғастырып жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайы мен әр адамның жауапкершілік деңгейіне тергеу нәтижесінде құқықтық баға беріледі.

Жарнама