Астанаға NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг алғаш рет келді. Кездесу барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетін, жоғары білім беруді цифрлық трансформациялау бағытындағы нәтижелерімізді таныстырып, физикалық жасанды интеллектіні (Physical AI) дамыту жөніндегі бастаманы ұсынды.
Physical AI – жасанды интеллектінің нақты физикалық ортада жұмыс істейтін жүйелермен тоғысатын бағыты. Ол роботтарды үйретуге, өндірістік үдерістерді модельдеуге, инженерлік шешімдерді виртуалды ортада сынауға және өнеркәсіптік нысандардың цифрлық егіздерін жасауға мүмкіндік береді. Бұл технологиялар тау-кен өнеркәсібі, энергетика және көлік сияқты салаларда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Осы бағыттағы негізгі бастамаларымыздың бірі – Qazaq AI Research University (QAIRU) базасында NVIDIA Physical AI Hub өңірлік орталығын құру. Мұнда студенттер мен зерттеушілер NVIDIA Omniverse және Isaac технологияларын пайдаланып, цифрлық егіздер әзірлеп, робототехникалық жүйелерді сынақтан өткізіп, өндірістің нақты міндеттеріне арналған инженерлік шешімдер жасай алады. Университеттерде әзірленген жобаларды кәсіпорындарда сынақтан өткізіп, кейін өндіріске енгізуге мүмкіндік туады.
Бұл бастаманың табысты жүзеге асуы үшін білікті мамандар даярлау да маңызды. Қазірдің өзінде Қазақстанның 12 техникалық жоғары оқу орны NVIDIA Deep Learning Institute (DLI) бағдарламасының пилоттық кезеңіне қатысты. Төрт оқытушы NVIDIA DLI амбассадоры мәртебесін алды. Алдағы уақытта осы тәжірибені 100-ден астам университетке тарату мүмкіндігін қарастырылып отыр.

Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы білім беру экожүйесі де қалыптасып келеді. Coursera платформасымен серіктестік аясында 255 мыңнан астам белсенді пайдаланушы тіркелген, серіктес университеттер саны 100-ден асты. Платформа курстарын меңгеру нәтижесінде алынған 211 мыңнан астам академиялық кредит Мемлекеттік тізілімде танылды. Ал AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында жасанды интеллект бойынша 127 мыңнан астам мамандандырылған сертификат берілді. Бұл – елімізде жаңа технологияларды меңгеруге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіштер.
Іссапары барысында Дженсен Хуанг әлемдік рекорд орнатқан HackAlem AI хакатонының жеңімпаздарымен және Tomorrow School студенттерімен де кездесті. Жастар өз жобаларын таныстырып, білімін нақты тәжірибеде қолданып жүргенін көрсетті. Олардың жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, өз шешімдерін әзірлеуге ұмтылуы Қазақстанның технологиялық болашағына деген сенімді нығайтады.

«Біздің мақсатымыз,-деді министр озық технологияларды игерумен шектелмей, оларды ел экономикасының нақты міндеттерін шешуге пайдалану. Ол үшін университеттердегі ғылыми ізденістерді өндіріспен ұштастырып, жастардың идеяларын жүзеге асыруына жағдай жасауымыз қажет.
Қазақстандық студенттер мен зерттеушілердің әлемдік технологиялық ортада өз әлеуетін танытуға мүмкіндігі бар. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті кеңейтіп, олардың ізденісін нақты жобаларға, ал жобаларын елге пайдасы тиетін технологиялық шешімдерге айналдыру.»
Нұрдәулет Алекул